ТӘРБИЕ ОШАҒЫ – БАЛАБАҚШАДА ӨМІР ЖОЛЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ БАСПАЛДАҒЫ – БАЛАБАҚШАДА

СУЛЕЙМАНОВА ЖАРҚЫН КУЗЕМБАЙҚЫЗЫ

Астана қаласы №60 «Арай» балабақшасының  меңгерушісі

Туған күні:08.08.1987ж

Туған жері:Тараз қаласы

Мамандығы:Мектепке дейіңгі оқыту және тәрбиелеу

Өмірлік ұстанымы: Қазіргі қоғам мұратына сай, жан-жақты жарасымды тұлға өсіру.

 

«Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бәсекеге қабілетті экономика үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін!» атты Н.Әбішұлы Жолдауында «Балабақшалар жүйесін қалпына келтіру және толыққанды мектепке дейінгі білімді қалыптастыруға кірісуді» тапсырған еді. Сол уақыттан бері мектепалды білім беру ордалары күннен күнге көбейіп әрі көркейіп келеді.

Бүлдіршіндерге үздіксіз білім мен тәрбие берудің үлгісі ретінде Астана қаласы №60 «Арай» балабақшасын айрықша атауға болады. Себебі бұл бөбекжайдың ұжымы мектепке дейінгі педагогикалық мәселелерді шешуде тәрбиелеу мен білім берудің жаңаша жетілдірілген әдіс-тәсілдерін іздестіріп, үнемі жаңалыққа жол ашу бағыттарын қарастырып жүр. Жас жеткіншектерге  уш тілде білім мен тәрбие беріліуде.

 

 «Мәңгілік ел» жалпы ұлттық  идеясына сәйкес мектеп жасына дейінгі балалардың бойына адамзаттық  құндылықтарды, патриотизм мен төзімділік сияқты қасиеттерді сіңіріп отырған тәжірбиелі ұстаз – Жарқын Күзенбайқызы  көшбасшылық етіп отырған №60 «Арай» балабақшасы тәрбиелеу мен заманауи білім беріп келеді.  Жалпы сыйымдылығы  266  балаға арналған бөбекжай 12 топқа бөлінген. Оның ішінде, 8 қазақ тобы және 4 орыс тобы бар.  Ал, олардың барлығын өнегелі тәлім-тәрбиеге бейімдеп жүрген 20 педагогтың 80 пайызы жоғары білімді кәсіби мамандар. Сондай-ақ, ұжымда жас тәрбиешілер саны да жыл санап артып келеді. Оларға жоғарғы санатты, еңбек өтілі мен тәжірибесі мол, білімді мамандар бағыт-бағдар, демеу беруден жалыққан емес. «Арай» балабақшасының тәлімгерлері үнемі өз білімдерін жетілдіріп, тәжірибе алмасу іс-шараларына қатысып отырады. Себебі, бала тәрбиесіне жауап беретін бірінші – ата-ана болса,  екінші  – педагогтар.

Балабақшаның басты мақсаты – дені сау, жан-жақты, білімі мен тәрбиесі қалыптасқан балаларды өсіру. Мұндағы ұжым сол мақсатты орындау жолында қажырлы еңбек ету үстінде. Тал бесіктен басталатын бала тәрбиесін бүгінгі заман талабына сай  жетілдіру мақсатында бөбекжайда өзін-өзітану, музыка, бассейн, би, спорт залдары қарастырылған. Бұл мектепке дейінгі білім беру орны заманауи талаптарға сәйкес әдістемелік, материалдық құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Ұйымдастырылған оқу қызыметтерін жаңа мултимедиялық құралдармен,  интерактивті тақталарды қолдану арқылы жүзеге асып отырады.  Сондай-ақ, тәрбиеленушілерге салт-дәстүрді сақтау қағидасымен бірге, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген принцип бойынша тіл үйрету мәселесіне үлкен көңіл бөліп отыр. Олар 2016-2017 оқу жылындағы стандарт негізінде мектепке дейінгі білім беру саласындағы отандық және шетелдік тәжірибелерді ескеріп,  «Алғашқы қадам», «Зерек бала», «Біз мектепке барамыз» сияқты білім беру бағдарламалары бойынша тәрбие беруде.

Тәрбиешілер бүлдіршіндерді заманауи біліммен қамтасыз етуден бөлек, шығармашылық мүмкіндіктерін ардайым жетілдірумен айналысып келеді.  Оған дәлел,  қалалық, аудандық түрлі жарыстарда балалар үнемі елеулі жетістіктермен көзге түсіп жүргендігі. Бастысы атқарылып жүрген істер жас ұрпақтың ұлтжанды болып өсуіне ықпал ететіні белгілі. Балабақшада ата-ана мен тәрбиешілер біріге еңбектеніп, ашық сабақтар, мерекелік ертеңгіліктер, әр түрлі іс-шараларға қатысады.  Білім беруде қандай да бір нәтижеге қол жеткізу жолында ата-ана мен педагог арасындағы тығыз байланыс маңызды рөл атқаратыны анық. Осы негізде ата-ана мен бөбекжай арасындағы ықпалдастық пен  қарым-қатынас орнатып, бір мүддеге еңбек етсе, баланың ой-санасы жетіле түсіп, жеке тұлға болып қалыптасуына жол ашылады. Осы бір мүдде барысында «Биле-биле», «Ал қәнекей аналар», «Екі жұлдыз» «Ең үздік топ», «Ең көрікті аула», «КВН» сайысы және отбасылық спорттық сайыстар «Әкем,шешем және мен», «Толағай» атты салт-дәстүрлерді дәріптеуге арналған көптеген іс-шаралар жүргізіліп тұрады. Көктемнің алғашқы жайма шуақ күндерімен бірге асыға күткен қазақтың жыл басы Наурыз мерекесін №60 «Арай» балабақшасы «Қош келдің - Наурызым» атты  іс-шарамен ерекше атап өтті. Онда бөбектер өз өнерлерін паш етіп, ата-аналарын қуантты. Ұлттық дәстүрімізді  ұлықтайтын ұлыстың Ұлы күнінде «Қонжық» тобының ата-аналары да өз үлестерін қосып, өнерлерін ортаға салып, салт-дәстүрді жаңғыртып,  қызықты бағдарламаларға белсене қатысқан. 2016 жылы Отбасы күніне арнап ұлтын сүйетін ұрпақ тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы үлгілерін дәріптеу мақсатында өткізілген байқауға «Жұлдыз-ай» тобының ата-анасы Ахметова Айнұр 2 жасар қызы Іңкәрмен қатысып алғыс хатқа ие болды.

Бұл жетістіктерге ата-аналар мен мектепалды білім ордасының бірлесе жұмыс атқару нәтижесінде қол жеткізгені айқын көрінеді. Осы орайда бөбекжай меңгерушісі Жарқын Күзенбайқызының еңбегі ерен. Ол өзіне сенімді, жауапкершілігі мол, білікті де білімді ұстаз. Әр баланың мүмкіндіктері мен жас ерекшеліктерін ескере отырып, қабілеттері мен қажеттіліктеріне сәйкес білім мен тәрбие беріп, рухани-адамгершілік құндылықтарын бойына сіңірумен қатар, дағдыларын қалыптастырып келеді.  Оның тәжірбиелі еңбек жолында атқарып келе жатқан игі істері мол. «Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» ,- деп Ж.Ж. Руссо айтқандай, оның әр балаға деген мейірімі бөлек. Тәрбиеленіп жүрген әр бүлдіршінге қамқор болып, екінші ана атанып, мейірім сәулесін шашып жүрген жүрегі жұмсақ, адалдықты жаны сүйетін беделді басшы.

Дарынды да шабытты, білімді де ақылды бала тәрбиелеп жүрген бұл бөбекжайдың педагог мамандары өздерінің біліктілігін әрдайым жетілдіріп отырады. «Ұстаздық еткен жалықпас» дегендей №60 «Арай» балабақшасының әдіскері Бибігүл Абылайқызы тәрбиешілер арасында әдістемелік жұмыстар жүргізіп, оларға инновациялық бағытта қызмет атқаруға бағдар беріп отыр. Осындай жүйелі түрде іске асырылып отырған жұмыстардың нәтижесінде тәрбиешілер Шукужанова Қымбат, Бекбаева Гүлмира, Сыдыкова Лаура, Жүсіпбекова Гүлнұр, Төлегенова Альмира, Төкешова Қызғалдақ, Дәрменова Мерей, Жаманбалина Маржан, Серкебаева Тұрар, Темірбекова Тұрсынай және т.б. қызметкерлер балабақшада белсене қызмет етіп, ата-аналардың алғысын алуда. Сонымен бірге, тәрбиешілер арасында жыл сайын «Абай оқулары», Мақал-мәтел», «ХХІ ғасыр көшбасшысы» атты сайыстары ұжымның білім қорын толықтырып келеді.

Еңбектенуден жалықпайтын, тәжірибелі, жаңашылдыққа жаны жақын тәрбиешілер тәлімін алған балабақшаның кішкентай бүлдіршіндері өнегелі қасиеттерді бойларына дарытуда.  Атап айтсақ, «Ұлы Жеңіс күні» қарсаңында балабақша меңгерушісінің басқаруымен балалар соғыс ардагерлерінің үйлеріне арнайы құттықтау үшін барып, батасын алып қайтқан. «Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан болады» деген Абай Құнанбаевтың сөзі осы орайда еріксіз еске түседі.

 Қоғамдық өмірге араласу әр бала үшін маңызды. Себебі ол баланың өз-өзіне деген сенімін арттырып, ойлау жүйесін жетілдіріп, қоршаған ортамен қарым-қатынас жасай білу сияқты қарапайым нәрсеге бейімдейді. Осыған байланысты, әртүрлі бағдарлама аясында ұстаздар бөбектерді  іс-шаралар мен конкурстардан тыс қалдырмауға тырысады. Мысалы, балабақшалар арасында 2015 жылы тұңғыш Президент күніне арналған қалалық «Ән шырқайық бәріміз» атты байқау барысында Жүсипов Тайма үздік орындаушы номинациясын алған болатын, ал, «Болашақ» тобынан Құдайберген Дариға  қалалық «Қарақат» мектеп студиясының жаңа жылдық концертінде ән шырқап, дүйім жұртты таң қалдырса, 2016 жылы каңтар айында «Рождественские звезды» Халықаралық конкурс фестиваліне қатысып ІІІ орынға ие болды. Балабақшадан тыс орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен өткен М.Өтемісұлының 210 жылдық мерей тойына арналған «Махамбет оқулары» байқауында, тәрбиеленушілер Мұратова Аделья өлең оқып І орынды иеленді. Әр жыл сайын өтетін «Жұлдызды жол» олимпиадасына даярлық тобының балалары белсене қатысса, 2016 жылы қалалық  К.Чайковский оқуларына «Солнышко»,«Дюймовочка» тобының балалары мақтау қағазын  иеленген. Сонымен бірге, қалалық балабақшалар арасында жолда жүру тәртібі бойынша ұйымдастырылыған байқауға «Қошақан» тобы ІІІ орынды жеңіп алса, «Ғажайып күз» қалалық конкурсында дәл осы топтың мүшесі Қыдыралиева Алина I орынға қол жеткізген болатын.  Ал, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткізілген «Қазақшаң қалай балақай!» атты қалалық балалар байқауына «Солнышко» тобынан Шинкаренко София қатысып жүлделі орынды иеленсе, «Жаңа жылдық жұлдыз» байқауына Жүсүпов Таймас ІІІ орын алды. Тағы бір ауыз толтырып айтатын жайт, ағымдағы жылдың бірінші жартысында «Қарлығаш» тобынан Нұрлан Адин «Қазақстан» телеарнасында тікелей эфирде «Таңшолпан» бағдарламасына шығып, керемет даусымен ән шырқаған болатын.

Жас жеткіншектің өмірде өз жолын табуына көмек беретін алғашқы қадам, ол – балабақша баспалдағы.  Сондықтан «Арай» балабақшасының ұжымы – ұлт болашағы, ел келешегі деп сеніммен қарап отырған бүлдіршіндерге отансүйгіштік, еңбекқорлық, ержүректік сияқты қасиеттерді бойларына сіңіру арқылы, намысшыл ұрпақ  тәрбиелеу үшін аянбай тер төгіп, еңбек етуде.